Понедельник, 21 июля
Меню

ZAVOD FEST Павлодарда: мамандық трендке айналғанда

  • Редакция «Наша Жизнь»
  • 54
ZAVOD FEST Павлодарда: мамандық трендке айналғанда
фото: ERG

Павлодар шілдеде жұмысшы мамандықтарды тартатын орталыққа айналды. Қалада ZAVOD FEST 2025 фестивалі өтті. Шара елдің өнеркәсіптің қуатын құрайтын азаматтарға арналды, береді lifepvl.kz.

Гагарин атындағы саябақ  интерактивті алаңға айналды. Әр адам өзін «болашақ зауытының» бір бөлігі ретінде сезіне алды.  Шараға кәсіби мерекені ерекше атап өтуді шешкен ERG алюминий дивизионының кәсіпорындары — «Қазақстан алюминий зауыты» АҚ  және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ы бастамашылық етті.

ERG компаниясында 60 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың 45 мыңы – жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Алюминий дивизионы Павлодар және Қостанай облыстарынығ сегіз мыңнан астам қызметкерді біріктіреді.

Фестиваль мамандықтарды заманауи форматта таныстыру мүмкіндігіне айналды. ZAVOD FEST қатысушылары Гагарин саябағында өндірістік цехтарды бейнелейтін арнайы аймақтар арқылы әр бағытпен танысты. Ал металлургтің арнайы киімін киіп, кәсібін өз бойынан өткізу мүмкіндігіне оқыту стендтері мен фотозоналарда ие болды.

— Біз әлемді өз қызметкерлеріміздің көзімен көрсетуді мақсат еттік. Олар бұл әлемді қалай көреді және біз оны жас ұрпаққа қалай жеткізгіміз келеді, — деді ERG Kazakhstan компаниясы бас директорының кадр және мәдениет жөніндегі бас директорының орынбасары Анастасия Круч. — Фестиваль ERG кәсіпорындарындағы еңбек жағдайының күрделілігі мен мүмкіндіктерін көрсетті. Біздің компаниялар тобының ерекшелігі — адамдардың компания ішінде өсуі. Бұл жерде павлодарлықтар нақты адамдардың нақты оқиғаларын көрді. Біздің бас директорларымыз 80-де емес, 40-та. Бұл мансаптық өсудің жоғары қарқынын білдіреді.

Анастасия Круч атап өткендей, ERG компаниясындағы топ-менеджерлердің 95 пайызы өз мансабын осы құрылым ішінде бастаған, ал олардың үштен бірі — жұмысшы мамандықтарынан шыққан. Алюминий дивизионының басшысы және «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның бас директоры Владимир Красноярский фестивальді ашу барысында қызметкерлерге тынымсыз еңбегі үшін алғысын білдірді.

— Елде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы өтіп жатыр. Бүгін біз оны алюминий дивизионының бастамасымен металлургтер мерекесімен біріктіріп, ерекше форматта атап өттік. ZAVOD FEST бізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Павлодар – қанатты металл пайда болған өндірістік қала. Мұнда тарихы бай, әлеуеті жоғары екі зауыт жұмыс істейді. Сіздер осы кәсіпорындармен және кәсіби мүмкіндіктермен, сондай-ақ біздің кадрларды даярлайтын оқу орындарымен танысуға мүмкіндік аласыздар», — дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның бас директоры Владимир Красноярский.

Фестиваль қатысушылардың бірі Елдар Әбікеев кәсіби мерекеге орай «Өндіріс саласындағы еңбегі үшін» төсбелгісін алды. Ол бастапқыда тағдырын металлургиямен байланыстырамын деп ойламағанын жасырмады.

— Алюминий зауыты қайда орналасқанын да білмедім. Бірде достарым сонда жұмысқа орналасып көр деп ұсыныс айтты. Трамвайға отырып, жолға шықтым. Бағым жанып, слесарь ретінде жұмысқа қабылдандым. Кейін Ақсу қара металлургия колледжінде оқыдым. Бұл менің өмірімдегі бетбұрыс сәт және мансаптық серпіліс болды. Марапат күтпеген жағдай болды. Демек, еңбегім бағаланды. Отбасым да қуанып, мақтан тұтады, — дейді Елдар.

Фестиваль аясында қатысушылар VR-аймақтарда болып, кәсіби бағдарлау маршруттарынан өтіп, жұмыс берушілерге сұрақтар қойып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алды. Жастар мамандықпен танысудан бастап, жұмысқа орналасуға өтінім беруге дейінгі жолдан өту мүмкіндігіне ие болды.

ERG білім беру мекемелерімен белсенді жұмыс істейді: компанияның колледждер альянсы 23 колледжді және 3 жоғары оқу орнын қамтиды. Оның ішінде Павлодар облысында — 10 колледж және бір  жоғары оқу орны бар.

«ERG сервис орталығы» ЖШС әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Олжас Мамырбаев маңызды мақсат туралы айтты:

— Біз еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтарды таңдаушылардың қатарында жастар санының көбейгенін қалаймыз. Биылдың өзінде 737 студент жұмысқа қабылданды, ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 565 болатын. Альянс құрамындағы оқу орындары біздің кадрлық саясатымызда басымдыққа ие, — дейді Олжас.

Олжас Мамырбаев жастардың жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасы жөніндегі деректермен бөлісті.

— Біз зерттеу жүргіздік. Жастардың 70 пайыздан астамы мамандықты ата-анасының кеңесімен таңдайды. Олар балаларының шахтер немесе дәнекерлеуші болғанын қаламайды. Көзқарас дәстүрлі, шахтер болса — киімі лас, мазутқа боялған деген ой қалыптасқан. Иә, бұл еңбек ауыр, бірақ біз тоқтап қалмаймыз: заманауи технологияларды белсенді енгізіп жатырмыз, 200-ден астам өндірістік үдеріс цифрландырылды, бірсарынды жұмыс азаюда. Дегенмен, жастар үшін төменнен бастап, бүкіл жолды өту — маңызды тәжірибе. Кейін өз мансап жолын да оңай құра алады. Осы мақсатта біз үздіксіз білім беру экожүйесін, яғни Life-long learning қағидатын қолданамыз, — деп атап өтті Олжас Мамырбаев.

Түсті металлургия жоғары колледжі алғашқы күнінен бастап Павлодар алюминий зауытына мамандар даярлап келеді.

— Колледж тарихында біз 15 мыңнан астам маман даярладық. Басты бағыттар — токарлық, дәнекерлеу, слесарлық іс және түсті металлургия. Студенттер оқумен қатар, өндірістік тәжірибеден өтіп, бірден жалақы алып, жұмысқа орналасады. Соңғы 10 жылда студенттеріміздің 30%-ы ERG кәсіпорындарын таңдады. Биыл 191 түлек оқуын тәмамдады, олардың 70-і кәсіпорынға аттанды. Бұдан бөлек, Павлодар алюминий зауытының өтінімі бойынша тағы үш топты жинауды жоспарлап отырмыз. Сұраныс тұрақты, — дейді колледж директорының міндетін атқарушы Азамат Мүскенов.

Фестиваль ұйымдастырушылары келушілердің барлығына көңіл бөліп, қамқорлық танытты. Студенттер бос жұмыс орындарымен танысып, жасөспірімдер фотозоналардағы тапсырмаларды орындады, ал бүлдіршіндер «мамандықтар қаласында» ойнады. Қатысушыларға шопперлер, жейделер, бөтелкелер сияқты сыйлықтар табысталды.

Қонақтардың арасында екі баласымен келген Александра Петрова да болды. Ол балаларын индустрия саласымен таныстыруды мақсат етті.

— Ұлым — 16-да, қызым — 11-де. Фестиваль өте қызықты өтті: біз білім беру бағдарламалары туралы білдік, колледждермен таныстық, оқытуға арналған тапсырмалар мен ойындар таптық. Балалар шабыттанды. Меніңше, бұл фестиваль жасөспірімдердің кәсіби бағдарлануына үлкен ықпал етеді. Мүмкін балаларым елдегі өнеркәсіп алыптарының қызметкерлері болар, — дейді ол.

Фестиваль алаңында қатысушылар өндірістік перспективалармен танысып, бірден жұмысқа орналасуға өтінім бере алды. «ERG сервис орталығы» ЖШС-нің рекрутері Гүлмира Әбікеева алюминий зауыты қызметкерлерін ерекшелендіретін басты қасиеттерді атап өтті.

— Ең маңыздысы — тәртіп, жұмыс істеуге ниет және командалық рух. Бізде әлеуметтік пакет, он үшінші айлық, ал кәсіподақтар Баянауылда демалыс ұйымдастырады. Қазір дәнекерлеушілер, электромонтерлер, слесарлар, сантехниктер, жөндеушілер мен газбен кесу мамандары сұранысқа ие. Бізде қайта оқыту бағдарламасы бар. ERG-нің Корпоративтік университеті тегін оқытады және жұмыспен қамтуға кепілдік береді. Егер адам өз мамандығынан өз орнын таппаса, медтексеруден өтіп, өтінім бере алады. Сұраныс бар. Бізде жұмыстан айырылған заңгер өндірісте өз орнын тапқан жағдайлар болды.

Владимир Красноярский журналисттерге берген сұхбатында соңғы екі жылда алюминий дивизионындағы өнім көлемі тұрақты түрде өсіп жатқанын айтты. Ал Павлодар алюминий зауыты галлий өндірісіне арналған жаңа технологияны енгізуге дайындалуда.

— ERG тобы өндірісті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді, және бүгінде алюминий зауытында түрлі кезеңдерде үш жоба жүзеге асырылуда. Сол жобалардың бірі — Қазақстан Президентінің бастамасымен үндес: сирек кездесетін жер металдарын өндіруді арттырып, шығындарды және экологиялық әсерді азайту. Павлодар алюминий зауыты — тарихы терең кәсіпорын, бірақ бұл кедергі емес. Жаңа технологиялар бар, ал оларды енгізуге дайындық пен мүмкіндік бар, — дейді Владимир Красноярский.

Алюминий дивизионы аясындағы ірі бастамалардың бірі — FLSmidth компаниясымен қызыл шламды қоюландыру және шайып-жуу аймағын қайта жобалау бойынша серіктестік. Бұл қадам өндірістік циклдің маңызды бөліктерінің технологиялық тиімділігін едәуір арттырып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, дивизион кальцинация пештерін жаңарту бойынша стратегиялық жобаны іске асыруда. Кәсіпорын екі заманауи агрегатты салуды бастап кетті, олар атмосфераға бөлінетін шығарындыларды және энергия тұтынуды едәуір азайтады. Тиімділік тұрғысынан бұл қондырғылар әлемдегі ең озықтардың қатарына енеді және қолданыстағы бес пештің орнын басады. Ал бұрынғы пештер кейін басқа мақсаттарға бейімделіп қолданылады.

Фестиваль қатысушылары өңірдің өндірістік болашағы туралы көбірек біліп қана қоймай, мазмұнды мәдени бағдарламадан ләззат алды. Сахнада танымал әншілер — Нұрлан Абдуллин, DEQUINE, DOSE, сондай-ақ ERG қызметкерлері мен колледж студенттері өнер көрсетіп, өз таланттарын паш етті.
Павлодар тағы да өзінің өндірістік қала ретіндегі маңызын дәлелдеді: бұл жерде білікті жұмыс күші қажет, жаңа технологиялар енгізілуде және металлургияның келешегі қалыптасып жатыр. Ұйымдастырушылар атап өткендей, келесі жылы осындай мерекелік формат Қазақстанның басқа да қалаларында жүзеге асырылуы мүмкін.