Понедельник, 14 июля
Меню

ERG Servise-тің жарқын мерейтойы: үздік жұмысшыларға — ордендер, пәтерлер, көліктер

  • Редакция «Наша Жизнь»
  • 75
ERG Servise-тің жарқын мерейтойы: үздік жұмысшыларға — ордендер, пәтерлер, көліктер
фото: ERG Servise

ERG Servise-тің мерейтойы шын мәнінде жоғары деңгейде өтті. Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасы дәнекерлеу ұшқындары, металл құю іспеттес болып,  қатысушылардың жарқын өнерлерімен жарқырады. Осы жолы сый-қошемет қазақстандық эстрада жұлдыздарына ғана емес, ERG Servise қызметкерлерінің кәсіби деңгейіндегі өнерлеріне де арналды. Себебі, өнерлі адамның дарындылығында шек жоқ.

ERG Servise дәнекерлеушісі, көптеген беделді сыйлықтардың лауреаты Станислав Чевтаевтың арт-инсталляциялар көрмесі — бұның жарқын дәлелі. Оның Қазақстан ұлттық музейінде қойылған өнер бұйымдары тек материалдардың үйлесімі мен бірлігіне ғана емес, қолмен жасалған идеялардың терең мағынасына ой жүгіртуге мәжбүрлейді.

Мерекелік шараның басталуы қуатты және жарқын болды: металл құюшылардың жарқыраған костюмдерін киген бишілер сахнада өнер көрсетті, ал олардың динамикалық биі ERG Servise туын желбіреткен алып роботтың қолымен толықты. Бұл құлтемірдің қолы концерттік нөмірлердің толыққанды қатысушысы болды. Ол скрипкашылар оркестрін басқарды, домбырашыларды сахнаға көтеріп қана қоймай, жаңа көліктердің кілттерін жеңімпаздарға табыстады. Енді барлығы рет-ретімен.

Мерекенің салтанатты бөлігін Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов ашты. Ол ERG Servise-тің алғашқы мерейтойының Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылымен тұспа-тұс келуін тілге тиек етті.

— Алып компания 10 жыл ішінде металлургия, тау-кен және машина жасау салаларында үлкен жолды еңсерді. Бүгінде 6 мыңнан астам білікті қызметкердің бір идея төңірегінде жұмыс істеп жатыр: клиенттердің тапсырыстарын орындау. Әсіресе, ERG тобы компанияларының қызығушылықтарына орай инвестицияларды тарту. Сіздердің. ауыр әрі табанды еңбегіңіз шынайы құрмет пен алғысқа лайық. Әсіресе, компанияның негізі болып табылатын ұжымның энергиясын, білімін және ұйымшылдығын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында кәсіпорын табысты дамып, биік белестерге жетіп келеді. Бұл мерейтой одан да үлкен жетістіктерге бастайтын келесі саты болсын!

Облыс әкімі үздік қызметкерлерге — жұмысшы мамандық иелеріне мемлекеттік наградалар табыстап, ұжымға болашақта жаңа жетістіктер тіледі. Одан кейін мәдениет сарайының залы ду қол шапалақтарға толды. Себебі, компанияның 10 қызметкеріне Павлодардағы жаңа үйден пәтер кілттері табысталды. Олардың қатарында өз еңбектерімен ортақ іске сүбелі үлес қосып жүрген дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер, құюшылар болды.

Сахнаға жаңа JAC көлігі шыққанда да жиналған қауым таң қалды. Тағы бес қызметкер су жаңа көлік иесі атанды. Олардың ішінде Гүлнар Матаева мен Рудный қаласынан келген Акимзада Ахметов болды. Гүлнар көлік жүргізуді әлі үйренбегенін, бірақ Баянауылға өз көлігімен баруды армандайтынын айтты. Ол 1991 жылдан бері жер маманы ретінде жұмыс істейді, бүгінде бригадир қызметінде. Маман құю формаларына арналған қоспалар мен формалар әзірлейді. Қазіргі уақытта білікті маман жастармен өз тәжірибесімен бөлісуде. Гүлнар Матаева кез келген жаста білім алу кеш емес екеніне сенімді, сондықтан жүргізуші куәлінін алатын күн алыс емес.

ERG Servise бас директорының кадр және мәдениет жөніндегі орынбасары Анастасия Круч марапаттар мен сыйлықтардың табысталуынан соң сөз алу оңай емес екені жасырмады.

— Еуразиялық Топ атынан, сіздердің еңбектеріңізге шексіз алғысымды білдіргім келеді. Бүгін өндірістегі жеңістер, кәсіби жетістіктер туралы көп сөз айтылатынын білемін, бірақ мен ең алдымен осы жетістіктер мен үлкен жеңістерді жүзеге асырып жүрген адамдар туралы айтқым келеді. Сіздердің алдарыңыщға шығуға дайындалып жатқанда, кәсіпорында қаншама жастар жұмыс істейтінін қарап шықтым. Бұл – ұжымның үштен бірі! Ал сіздерге тәжірибеден өтуге келетін студенттер саны қандай, және олардың қаншасы жұмысқа орналасады? Топтағы барлық компаниялар арасында тәжірибеден кейін жұмысқа қалған студенттер саны бойынша сіздер бірінші орындасыздар! Тәжірибеден өткен студенттердің шамамен 85 пайызы кәсіпорында қалып, жұмыс істейді. Меніңше, бұл – үлкен жетістік. Себебі жастардың өз қолдарымен жасап жатқан технологияларға, жаңашылдықтарға қызығушылығы кәсіпорынның ұзақ өмір сүретінін, дамитынын және одан да биік белестерге жететінін көрсетеді. Ал сіздердің тәлімгерлеріңізге, басшыларыңызға арналған қошемет – пәтерлер мен көліктер үшін айтылған қошеметтен де күштірек. Себебі бұл – осы кәсіпорынның негізін қалаған, бүгінде өндірісте еңбек етіп жүрген адамдарға деген алғыс.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнибек Байғабелов ERG-ке құттықтауларын жаудырды.

— Бүгін біз Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларынан үлкен делегациямен келдік. Бізді біріктіретін нәрсе – шамамен 20 жыл бойы ERG-де жұмыс істедік. Бұл топты өзіміздің Альма матеріміз, үйіміз, туған жеріміз деп есептейміз. Осы жерде біз өз серіктестерімізді, көп жылдан бері бір үлкен істі бірге атқарып жүрген жолдастарымызды кездестірдік. Қазіргі таңда ERG Service – нарықтағы ірі ойыншы. Біз көптеген металл құрылымдарын, көптеген кооперациялық жобаларды бірге жүзеге асырдық. Қазір күрделі тапсырыстарды көргенде, біз оларды Павлодар, Рудный, Хромтау қалаларындағы ERG Service бөлімшелеріндегі әріптестерімізбен бірлесе орындай аламыз деп сеніммен айтамыз.

Жәнибек Байғабелов сөзін жалғастырды: 

– Сіздерді құттықтауға өте қуаныштымын, менде 10 пәтер мен 5 көлік секілді сыйлықтар жоқ. Бірақ мен барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Біз өз тарапымыздан қарапайым сыйлық – логотипіміз бар 30 рация алып келдік. Олар біздің сенімді байланысымыздың символы.

«ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев ERG Servise-тің сенімді серіктес екенін атап өтті. Ол Аксу ГРЭС-індегі апаттың алдын алудағы қызметкерлердің ерлігін ерекше бағалады.

—  Сіздер бәріңіз жақында Аксу қаласындағы МАЭС-ке келген табиғат апатын жақсы білесіздер. Сіздің қызметкерлеріңіз апаттық жағдайлардың өршуіне жол бермей, оның салдарын жедел түрде жойып қана қоймай, туған қаласына да көмектесті. Сол үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз мынадай ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді: Рудный ЖЭО-дағы №1 қазан агрегатын қайта құру, «ЕЭК» АҚ үшін Павлодар машина жасау зауытының күшімен Л-1г конвейерін жасау, сондай-ақ орта жылдамдықты білікті диірменді тангенциалды балғалы диірменге ауыстыру жобасы, оны 2025 жылдың тамыз айында іске асыру жоспарлануда.

Ресми құттықтаулар мерейтой иесінің қызметкерлері – өнерпаздардың өнер көрсетулерімен алмасты. Жүргізушілерді айтпағанда, оларды кәсіби әртістерден ажырату мүмкін болмас еді: Дильнара Жанболатова (вокал) мен Александра Гнедаштың (ұрмалы аспаптар) жарқын нөмірі көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал ERG Service қызметкерлері балаларының отбасылық көріністермен сүйемелденген бейнефильммен бірге сахнаға шыққан өнері жиналғандарды көз жасына дейін толқытты. Олар ата-аналарын қалай жақсы көретінін, жұмыстан үйге оралуларын қалай күтетінін әнмен жеткізді. Соңында бұл махаббаттың тағы бір қыры – кәсіпорынға деген сүйіспеншілікпен толықты.

Көрермендерді Дильназ Ахмадиева өз репертуарындағы ең танымал және жаңа әндерімен қуантты, ал Kalifarniya есімді танымал әнші «металл» стиліндегі композицияларымен сахнаны жарқырата түсті.

Мерекелік шара аяқталғаннан кейін «ERG Service» ЖШС бас директоры Сергей Перепечин өткен он жыл ішіндегі ең маңызды жетістікті атап өтті: 

– Бізде не істеу керек екенін, қалай және не үшін жасау керектігін түсінетін кәсіби мамандар мен пікірлес адамдардан құралған үлкен команда қалыптасты. Бүгінгі таңда бұл –біздің ең үлкен жетістігіміз деп ойлаймын. Үлкен жол жүріп өттік. Кәсіпорын ересек деңгейге жетті, әрі қарай дамып келеді. Мұндай мерекелерді өткізіп, қызметкерлерімізді құрметтеу керек. Біз серіктес кәсіпорындардың басшыларын шақырдық, олар сахнаға шығып, алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді – бұл өте жағымды болды. Ең бастысы – залда өте жылы, қуанышты атмосфера орнады, ал ұжым шарадан үлкен, жылы әсермен тарады. Бұл сезілді, бізге тек алғыс сөздері айтылды. Біз әрқашан сапалы өнім ұсынуға тырысамыз, ешқандай шағымдар жоқ.