
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Гагарин паркіне келген халықтың қарасы қалың болды. Бұл жерге Қазақстан электролиз және Павлодар алюминий зауыттырының қызметкерлері және көктем мен жаңару мерекесі – Әз Наурызды тойлағысы келген жұрт жиналды.

Саябақтың түкпір–түкпірінде балалар мен ересектерге арналған шаралар ұйымдастырылды. Егде жастағы азаматтар музыкалық бағдарламадан ләззат алып, қазақтың дәстүрлі және атақты Магомаевтың «Синяя вечность» сияқты әндерін тыңдады. Мерекеге келген сиқыршы да талай павлодарлықтың жүрегін жаулап алды.

Сахнадан жақын маңда боз кілем төлесіп, кіл мықтылар қазақ күресі бойынша шеберліктерін көрсетті. Ал ақшаңқан киіз үй қазақ халқының қонақжайлылығы пен кең пейілділігін паш еткендей болды. Көшпенділер үйінің ішіне кіруге кезек те жиналып қалды. Киіз үйдің табалдырығын аттағандардың қатарында «Алюминий» дивизионының операциялық директоры Владимир Красноярский да болды. Дивизион басшысымен суретке түсуге ниет білдіргендерге де кезекке тұруға тура келді. Ал ол бас тартпады.

Жалпы, селфи және естелік фотоға түсуге арналған орындар жетерлік: бүркітші мен тазы, ержүрек қазақ батырлары, ұлттық киім киген сұлу қыздар мен жылқылар. Кішкентай павлодарлықтар атқа міну мүмкіндігін де қалт жібермеді.

Тұрғындардан мерекелік көңіл–күй мен ауа райы туралы сұрап білдік.
Қазақстан электролиз зауытының «жедел» қызметінде жүргізуші, ал қазір зейнеткерлікке шыққан Александр Пейсель мерекелік шараларды тамашалауға жолдасымен бірге келді. Немерелері күннің бұлыңғырлығына орай үйде қалыпты. Ал ерлі-зайыптыларды бұл жайт тоқтата алмады.
— Біздің кәсіпорындар мерекені сән-салтанатпен атап өтетінін білемін. Концерттік бағдарламаның өзі таң қаларлық! Әсіресе, жанды дауыс көңімнен шықты. Әз Наурыз мерекесі өзіме ұнайды. Сондықтан, арнайы келіп, жиналғандармен әңгіме-дүкен құрдым. Кәсіпорындарымыз біз сияқты зейнеткерлерді ешқашан ұмытпай, осындай шараларға шақырып тұрады. Көп рахмет! Зейнеткерлікке шыққаныма біршама уақыт өтсе де, еңбек еткен жеріммен байланысым үзілген емес, — дейді Александр Пейсель.

Алюминий зауытына қарасты «Сервис» ЖШС-нің жұмысшысы Мадина Акижанова мерекеге зейнеткер ата-анасын ерте келді. Наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм татып та үлгеріпті. Ауа райына қарамастан, көңіл-күйі жақсы:
— Күннің біраз салқындығы көңіл-күйімізге әсер ете қоймады. Концерт, музыканттардың гитарада ән шырқауы мен мың бұралған әртістердің биі ұнады. Ұлттық дәстүрлер дәріптелген мерекеге не жетсін! Бұл жүрегімізге жылулық сыйлайды. Мейрамның ұйымдастырылуы жоғары деңгейде.

Жобалық-конструкторлық жұмыстар бойынша бас инженер Василий Асманов әріптесінің пікірімен толық келіседі. Маман ұлы Даниилмен бірге келді.
— Мереке қалай өтуде? Ауа райы көңіл-күйіңізді бұзған жоқ па?
— Әсер ете қоймады. Ауа-райын осындай мереке үшін кішігірім сынақ деп қабылдаймын. Жиналған халық тоңып қалмас үшін бір орында тұрмай, қызықты жерлерде аралайды. Ал көруге тұрарлық орындар жетерлік. Батырлар, жарыстар, киіз үйлер мен өзге де локациялар көп. Дүбірлі мерекені ұйымдастырған жастарға рахметімді жеткізгім келеді. Өзім де осы тектес шараларға қатысқан едім. Сондықтан, олардың еңбегін бағалаймын. Енді отбасыммен бірге келіп, қызықтап жүрмін. Біз еңбек ететін кәсіпорын жұмыскерлері үшін осындай тамаша тарту жасап отыр. Қуаныштымын!

Қазақстан электролиз зауытында құрылғыларды баптау және сынау жөніндегі сарапшы Шынғыз Рақымжан мерекеге достарын ала келген:
— Барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Аниматорлардың шеберлігіне тәнтімін. Ал мереке көңілімді тасытып жіберді. Концерттің жүргізушілері мен әртістер көңілімізді аулап, тырысып жатыр. Ал павлодарлықтар бір-бірін құттықтап, мәз-мейрам. Мол дастарханның сәніне айналған дәстүрлі тағамдар, бауырсақ пен наурыз көжеден дәм таттым. Өте дәмді! Кәсіпорындарымыз бен ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Өз басым, қазақша күрес бойынша бақ сынаған жігіттерді көріп, риза болдым. Ал біз арқан тартуға қатысқымыз келеді. Қызықты болары сөзсіз.

Күшті балуандарға жанкүйер болғысы келгендерде есеп жоқ. Спортшылардың тартысын біз де тамашалап, оларды үзіліс кезінде сөзге тарттық:
Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысшысы Әсет Сержанның қазақ күресіндегі тәжірибесі мол. Зауыт ұйымдастыратын спорттық жарыстардан қалыс қалмайды. Мерекелік шарада бақ сынаудан да бас тартпады.
— Қандай жүлдеге ие болғың келеді?
— Сыйлық мен үшін маңызды емес. Ең бастысы, дәстүрлі күрестің рухын сезіну. Біз бұл жарысқа спорттық қызығушылық үшін келдік. Әр спортшы жеңгісі келеді, бірақ, жеңіс тұғыры мықты жігіттікі болары анық. Тартысты сәттер көп.

Балуандарға сәттілік тілегендердің қатарында ұлттық киім киген азаматтар көп болды. Бірақ, қолаң шашты сұлу ару ерекше көзге түсті. Ол «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның әлеуметтік жобалар сарапшысы Милена Касьянова болып шықты.
— Жауынды ауа-райы Наурызды кеңінен атап өтуге кедерді болмады. Бұл – халқымыз үшін киелі мереке. Сондықтан, басымыз қосылып, тойлағанымыз абзал. Бүгінгі шара балалар мен ересектердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Біз думанға жұмыскерлеріміз бен олардың отбасыларын шақырдық. Павлодарлықтарға да есігіміз ашық. Мереке баршамызға ортақ! Көктем мен жаңару мерекесі жүрегіміздің төрінен орын алады. Өзім киіз үйге кіріп, жылқы мініп үлгердім. Енді наурыз көжеден дәм татпақпын, — дейді Милена.

Қонақтардың ішінде көңілсіз жүргендер байқалмады. Барлығының жүзінен күлкі кетпеді. Зауыт қызметкерлерін құттықтап, қолдау білдіруге кәсіподақтар ұйымының басшылығы да болды. Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова ізгі тілегін білдірді:
— Концерттік бағдарлама өте жақсы. Ауа-райы сәл салқын болса да, мерекеден жылы деп есіп тұр. Менің ойымша, осындай мерекелер халқымызды жақындастырады. Бір-бірімізбен әңгіме құрып, жағдайымызды сұраймыз. Бұл өте маңызды. Наурыз – дәстүрлерімізді сақтап, баршамызды біріктіретін мейрам. Біз де кәсіподақтар атынан зауыт қызметкерлерін құттықтауға келдік. Наурыз әр отбасыға бейбітшілік, жақсылық, молшылық әкелсін. Балаларымыз бақытты болсын. Бұл – ең басты құндылық.

Аймақ басшысы Асайын Байханов та құрметті қонақтардың қатарында болды. Облыс әкімі бейресми жағдайда жиналғандармен әңгімелесіп, ардагерлермен құшақ жая кездесті. Балаларды да назардан тыс қалдырмады.
Мереке аясындағы түрлі додалардың жеңімпаздары марапаттарға ие болды. Әсіресе, қошқарды 233 көтерген Данияр Күлімбав жұртшылықты таң қалдырды. Жігіт күн сайын кем дегенде 100 отыру жаттығуын жасайтынын айтты. Осының арқасында жеке рекорд орнатты. Оған кофе-машина тарту етілді.

Ал бізге сұхбат берген балуан Әсет Сержан екінші орынға ие болды. 1-ЖЭО-ның жұмыскері Архат Нығматовтың асығы алшысынан түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
— Жеңістен соң қандай сезімдесің?
— Әрине, қуаныштымын. Жеңіске мерекенің ортасында қол жеткізгендіктен, өте ризамын. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін.
— Қазақ күресімен қанша уақыт айналысып келесің? Жарыста не маңызды, шеберлік пе, әлде күш пе?
— Бой мен шеберлік – осының барлығында мән бар. Мен бала кезімнен дене сипатым ірі болып өстім. Күрестен бөлек өзге спорт түрлерімен де айналыстым. Бүгін боз кілемде кездесіп, күш байқастық.
— Әріптестерің қандай пікірде?
— Жұмыс орнында жеңістерім туралы айта қоймаймын. Өзім үшін айналысамын ғой. Спортпен толық шұғылдануға мүмкіндік жоқ. Негізгі жұмысым, отбасым бар дегендей. Бүгін отбасым жанкүйер болуға келді. Туыстарым да сергітіп жіберді. Қолдау барда алмайтын асу қалмайды. Сондықтан, жеңісім отбасыма ортақ. Мереке құтты болсын!