
Қазақстанда өнеркәсіп саласындағы қызметкерлердің қатарындағы әйелдердің үлесі 31,7%-ды құрайды. Осындай қорытынды SteppeUp стратегиялық коммуникациялар агенттігінің зерттеулері нәтижесіндк а шығарылды.
Сарапшылар техникалық және инженерлік салаларда еңбек ететін нәзік жандыларға табысты мансап құрудағы мүмкіндіктер, кездесетін кедергілер мен негізгі үдерістер қарастырды. Дәл осындай мәселелер ERG Asyl jandar атты III әйелдер форумында қозғалды.

Зерттеулер еліміздің 14 аймағында орналасқан тау-металлургиялық кешеннің екі мыңнан астам әйел-маманын қамтыды. Сонымен қатар, 20-дан астам азаматшадан терең сұхбат алынды.
«Наша жизнь» АА-нің тілшісі де отбасылық өмір мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтап, зауытта талмай еңбек етіп жүрген бірнеше әйелмен әңгімелесті.
Форум алюминий, энергетика, көмір дивизиондары кәсіпорындары, ERG Service және ERG Тобынің өзге кәсіпорындарының 150-ден астам қызметкерінің басын қосты.
Слесарь, краншы, машинист, гидрометаллург сияқты ер адамға тән мамандықтарды игерген нәзік жандылар еңбек жолында кездесетін кедергілер мен стереотиптері туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, отбасылық өмір мен өндірістік қайнаған тірлігін тең сақтаудың қыр-cырымен бөлісті.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ электр энергетикалық цехының стандарттау жөніндегі сарапшысы Салтанат Халимова 320 ер-азамат еңбек ететін үлкен ұжымның қауіпсіздігіне жауапты. Әріптестері арасында ол – Салтанат Даленбекқызы, ал өз шаңырағында – сүйікті ана, әже.
Білікті маманның айтуынша, өндіріс ошағында күнбе күн маңызды шешім қабылдауға тура келеді. Өнеркәсіптегі еңбектің талабы бұл.
«Қауіпсіздік талаптарын бұзған жұмыскерлерге қатысты шара қолдану да маған жүктелген міндеттердің қатарында. Қауіпсіздік техникасын сақтауды қадағалайтын маман болғандықтан, күнделікті тіршілікте қатал боламын. Себебі, зауыттағы қауіпсіздік бәрінен маңызды. Әр жұмыскерді үйінде жанұясы күтіп отыр. Әрине, кей кездері әйел ретінде жұмсақтық танытып, қызметкерлердің көңілін аулауға да барамын. Зауыттағы жұмысым жаныма жақын деп ауыз толтырып айта аламын. Бұл қызметке келмес бұрын өзімді байланыс және мемлекеттік қызмет саласында сынап көрдім. Дегенмен, өнеркәсіпке аяқ басқан кезде ғана қалаған мамандықты таңдағанымды түсіндім. Менің ойымша, өндіріс ошақтарына кез келген әйел келе бермейді. Себебі, бұл жұмыс төзімділік, табандылық пен күш-жігерді талап етеді. Зауытта болған әр сәтімде мінезім шынығады. Осы форумға да жұмыстан асығып келдім. Әдемі көйлек киіп, шаш үлгісі мен макияж жасауға да үлгермедім. Бірақ, әріптестерімнің жайдары жүзін көргенде бұның барлығын ұмытқандай болдым», — дейді Салтанат Халимова.

Тау-металлургия өнеркәсібіндегі әйелдердің алдында қандай қиындықтар тұр? Бұл сұраққа байланысты өз пікірімен «Алюминий зауыты» АҚ-ның гидрометаллургия жөніндегі сарапшысы Жібек Ақбердинова бөлісті.
«Өндірісті өлкенің халқын зауыттағы жұмыспен таң қалдыра алпаспыз. Алайда, бұл -жұмысқа он жылымды арнағанымды білген жұрт үшін бұл таңсық дүние. Мен технологиялық есептеулер, өндіріс пен құрал-жабдықтардың жұмысын бағалаумен айналысамын. Университетте оқып жүрген кезде кәсіпорынға келетінімді білдім. Ал курстастарымның көбі өзге салаларды таңдады. Қоғамымызда «Металлург жұмысы – физикалық жағынан күрделі, тек ерлерге тән мамандық» деген стереотип бар. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Заманауи қыз-келіншектердің қолынан бәрі келеді. Шаңырағымыз бен жұмыс орнында үйлесім болса, біз алмайтын асулар болма қоймас», — дейді Жібек.

Өндірістік мамандықты саналы түрде таңдау әйелдерді табысқа жетелейді. Бұл — «ERG Service» ЖШС Павлодар жөндеу басқармасының тәжірибелі электрослесарі Тамара Каримованың ойы.
«Кәсіпорынға 18 жасымда келдім. Бастапқы кезеңде ерлермен иық тіресе жұмыс істеуге үйренуге тура келді. Уақыт өте келе бұл мамандықты игеріп алдым. Ұжымымның әр қызметкері өз міндеттерін мүдірмей орындайды. Аса жауапты. Десе де, көмек сұрасам, ешқайсысы бас тартпайды. Өндірісте әр әйел кез келген адаммен тіл табысып, шұғыл шешім қабылдауда байсалды болған абзал. Көктем мерекесіне арналған ауқымды шараның қатысушысы атанғаныма қуаныштымын. Нәзік жандының жұмысты табысты болуы үшін қолдау керек. Сонда үйімізде де бақытты боламыз», — дейді Тамара.
Шара барысында арулар өнеркәсіп алпауыттарына жетекшілік етіп жүрген ер-азаматтармен бейресми форматта әңгіме құру мүмкіндігіне ие болды. Басшылар табысқа жетудің кілті, еңбек жолындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Өндірістегі әйел затының роліне қатысты да ойларын паш етті.

«Зауытқа студент кезінде келгенде мені әйел маман қарсы алды. Ол сорғы құрылғыларының машинисі болып қызмет етті. Тәлімгерім жұмыстағы мәселелерді шешуге қатысты бөлек көзқарас қалыптастырды, әр міндетті тиянақты орындауға үйретті. Сол машинистің жұмысы маған өмір бойы сабақ болып қала бермек. Оған айтар алғысым шексіз», — дейді алюминий дивизионының басшысы Владимир Красноярский.
Жетекшілік лауазымдағы азаматтар көктем мерекесіне қатысты жоспарларымен де бөлісті. Бірі жақындарына самауыр мен зергерлік бұйымдар сыйлайтын болса, кейбіреулері ортақ демалысқа жолдама алғандарын жеткізді. Өйткені, жауапты мамандық иелерінің қатарында жанұяларынан алыс жерде еңбектеніп жүргендер баршылық. Десе де, олардың айтуынша, шырайлы мейрамда әйелдерге ең бастысы құшақ-құшақ гүл сыйлаған жөн. Бұл – басты сый.
Өмірлерін өнеркәсіппен байланыстырғысы келетін нәзік жандылардың қарасы көбейіп келеді. Зерттеу нәтижесінде техникалық білімді таңдайтын қыз балалардың саны артқаны белгілі болды. Санмен айтсақ, өнідістік мамандық бойынша оқығысы келетін бұрымдылардың саны соңғы бес жылда 35%-ға ұлғайған. Ал кең тараған цифрлық технологиялар мен IT салаларындағы келіншектердің үлесі 8%-ға өскен.

Кәсіпорындарда еңбек ететін мамандар ішінде «Өндірісте әйелдер де табысты еңбек ете алады» деген пікір қалыптасты. Қарыштап дамыған заманда тепе-тең мүмкіндіктер туралы айтумен қатар, оларды қалыптастыру керек екені түсінікті. Сонда арулар барын салып, саланың дамуы жолында тынымсыз еңбектенуге дайын болады.
Кездесу барысында қыз-келіншектер кәсіпорындардың болашағына қатысты сұрақтарын да жаудырды. Өндіріс ошақтарын тізгіндеген азаматтар өз кезегінде бұл сауалға «Мамандардың біліктілігін арттыру, бақытты қызметкерлер командасын құру және корпоративті рух қалыптастыруды мақсат етеміз» деп қысқа қайырды.