Пятница, 7 марта
Меню

Ақсу электр станциясында «ERG Service» қызметкерлеріне арналған жаңа душ кешені ашылды

  • Редакция «Наша Жизнь»
  • 50
Ақсу электр станциясында «ERG Service» қызметкерлеріне арналған жаңа душ кешені ашылды
фото: ERG Service

«Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ (ERG құрамында) Ақсу электр станциясында 1 200 адамға арналған заманауи душ кешені ашылды. Жаңа нысан – электр станциясында күрделі жөндеу жұмыстарын атқаратын «ERG Service» ЖШС қызметкерлеріне арналған маңызды инфрақұрылымдық жоба. Кешенде еңбек адамына қолайлы жағдай жасалған, барлық санитарлық-гигиеналық талаптарға сай.

Душ кешенінің жалпы аумағы – 1 700 м². Бірінші қабатта 34, ал екінші қабатта 36 душ кабинасы орналасқан. Кешен заманауи желдету жүйесімен жабдықталған, бұл жүйе сыртқы ауаны тазалап, жылытып, ғимаратқа таза ауа жеткізеді және пайдаланылған ауаны сыртқа шығарады. Сонымен қатар, жұмысшылардың арнайы киімін кептіруге арналған бөлмелер қарастырылып, күшейтілген жылыту жүйесі орнатылған.

– ERG Service – біздің ұжымның ажырамас бөлігі. Біз олар үшін жақсы еңбек жағдайларын жасауға тырысамыз. Бұл душ кешені – жай ғана санитарлық-тұрмыстық нысан емес, қызметкерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың көрінісі. Бүгінде еңбек өнімділігімен қатар, жұмысшылардың денсаулығы мен жайлылығы басты назарда болуы тиіс. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық құрылысшыларға, мамандарға, мердігерлер мен басшылық құрамға алғыс айтамын, – деді «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ Бас директоры Дүйсен Мерғалиев.

Жоба аясында барлық қызметкерлер бір ғимаратқа шоғырланып, бұрынғы душ бөлмелері жабылады. Бұл өз кезегінде тек жайлылықты арттырып қана қоймай, жұмыс процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

– Душ кешені – мыңнан астам қызметкер үшін жасалған аса маңызды қадам. Оның небәрі үш жарым ай ішінде салынуы – үлкен жетістік. Бұл біздің жұмысшыларымыздың жағдайын жақсартуға деген шынайы ниетімізді көрсетеді. Бұл кешен ұзақ жылдар бойы қызмет етеді деп сенемін. Біз бұдан әрі де қызметкерлеріміз үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береміз, – деп атап өтті «ERG Service» ЖШС Бас директоры Сергей Перепечин.

ERG Service Павлодар жөндеу басқармасының жоспарлы-алдын алу жөндеу цехының слесарі Құрмет Жақыпов:

– Жаңа душ кешені – кең, жарық әрі таза. Барлығы жаңа, ұқыпты жасалған. Әрине, бұрынғы жағдайға үйренген едік, бірақ мұндай жаңашылдық қуантып тастады. Қызметкерлерге жасалған әрбір жағдай – кәсіпорынның алға қойған мақсаттарына деген жауапкершілігінің айғағы.

Айта кетейік, бұл – қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған жалғыз жоба емес. Өткен жылдың желтоқсан айында станция аумағында MERGEN әлеуметтік дүкені ашылған. Бұл дүкен алғашқы қажеттілік тауарларын қолжетімді бағамен ұсынып, персоналдың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Электр станциясының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл – «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның қызметкерлерге сапалы тұрмыстық жағдай жасауға деген тұрақты ұмтылысының айқын дәлелі.

Сонымен қатар, Павлодар облысы әкімдігі мен ERG арасындағы меморандум аясында 2024 жылы Ақсудағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы Спорт сарайының спорт залына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Абай атындағы мектепке жаңа стадион салынып, оқушылардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалды.

2025 жылы Ақсу қаласындағы Сәбит Дөнентаев атындағы Мәдениет сарайын күрделі жөндеуден өткізіп, оны заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл бастамалар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.