Пятница, 7 марта
Меню

Машинист Анна

  • Акмарал Есимханова
  • 45
Машинист Анна
Фото: «ERG Service» ЖШС-нің баспасөз қызметі

Өндірісі өркендеген Ертіс өңірінде ерлерге тән мамандықты таңдаған әйелдердің көп болуы – заңды құбылыс. Бүгінде зауыттарда алып механизмдер мен жабдықтарды тізгіндеп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Ер-азаматтармен тең талмай еңбектеніп жүрген арулардың қатарында Анна Матвеенко бар.

Анна «ERG Service» ЖШС жұмысшыларының қатарына небары бір жыл бұрын қосылды. Мамандығы – кран машинисі. Ол күн сайын алып механизмдерді басқарады.

«Құю-механикалық цехында жұмыс істейтін мамандардың еңбекқорлығы ұнайды. Сондықтан болар, бұл іске бірден араласып кеттім. Мамандығына берік, адал азаматтардың ортасында болу мен үшін тәжірибемді байытумен қатар, үлгі десем, артық айтпағандық болар. Машина жасау зауытының жұмысы — мен үшін жаңа  бағыт. Машинист ретінде әр кранның әрекетін, техникалық қасиеттері туралы біліп, оларды зерттеуге құштармын. Сондықтан, күн сайын білімімді молайтып келемін», — дейді Анна.

Аннаның айтуынша, зауыттағы жұмыс асқан жауапкершілік пен ыждахаттылықты талап етеді. Дәл осы қасиеттер нәзік әйелдің бойынан табылды.

«Жұмысымыз күнімізді жоспарлаудан басталады. Әріптестерімізбен күн тәртібін талқылап, міндеттерімізге кірісеміз. Кранды тізгіндемес бұрын, оны тиянақты тексеріп алуым керек. Барлығы ойдағыдай екеніне көзім жеткеннен соң ғана жұмысымды бастаймын. Күн тәртібімізде техникалық және түскі асқа үзіліс қарастырылған. Зауыттағы әр минут зая кетпейді, барлығы жоспар аясында атқарылады», — дейді машинист.

Анна ERG Service Павлодар машина жасау зауытындағы еңбек етумен қатар, әуесқой спортты хоббиіне айналдырған. Ал отбасында   — cүйікті ана.

«Жастайымнан спортқа жақынмын. Мектеп қабырғасында жеңіл атлетикамен шұғылдандым. Қазіргі уақытта да спорттан ауылым алыс емес. Жаттығу залына барып, шынығу нағыз хоббиге айналды. Соңғы жылдары кроссфитпен әуестеніп келемін. Жаттықтырушымның нұсқауы бойынша спорттық әлеуетімді арттырып, тынымсыз еңбектеніп жүрген жайым бар. Мен – бақытты анамын. Жұмыстағы және спорттағы жетістіктерім ұлыма арналады. Себебі, ол – өмірімдегі тірегім, қолдаушым, қамқоршым», — дейді Анна.

8  наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Анна Матвеенкодан мерекенің мән-маңызы туралы сұрап білдік.

«Әдетте шырайлы көктем мерекесін жақын адамдарымның ортасында, отбасыммен бірге атап өтуді игі дәстүрге айналдырдым. Өзге қыз-келіншектер сияқты мен де сыйлық ретінде әсем гүлдерді қабылдағанды жақсы көремін. Ең бастысы, шын жүректен тарту етілсе болғаны», — дейді ол.

Машинист арудың арманы көп. Анна болашақта басқа да жұмысшы мамандықтарды игергісі келетінін жасырмады. Сонымен қатар, кроссфит командасымен бірге байрақты жарыстарға қатысып, жеңістің биік тұғырынан көрінгісі келеді.