Павлодар облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы Ақсу бөлімшесінің дәрігер-эпидемиологы Динара Рахманова «Ирбис» өңірлік телеарнасында «Айтарым бар» бағдарламасының қонағы болды. Алдағы бағдарламаны телеарна өз ресурстарында белсенді түрде жариялады.
Мемлекеттік тілде жүргізілген 20 минуттық бағдарламада маман жүргізушінің түрлі сұрақтарына жауап берді. Өз ана тілін жақсы меңгерген тәжірибелі дәрігер көрерменге қажетті ақпаратты жеткізе алды. АИТВ-инфекциясының берілу жолдары қандай, инфекцияны жұқтырмау үшін қандай жеке қорғаныс құралдарын қолдануға болады және біздің облысымызда АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай екенін баяндап берді.
Маман биылғы жылдың басынан бастап Ақсу өңірінде АИТВ-ның 13 жағдайы тіркелгенін, ал АИТВ-ның алғашқы жағдайлары тіркелген сәттен бастап — 473 жағдай тіркелгенін айтты. Бүгінде Ақсу қаласында 294 АИТВ-позитивті адам тұрады.
«Арна» жарнамалық-ақпараттық агенттігінің «Ирбис» Павлодар телеарнасы барлық әлеуметтік желілерде ұсынылған. «Айтарым бар» әлеуметтік бағдарламасын YouTube сайтынан да көруге болады.
Автор: Роза Апаева