Бүгін Павлодарлық аманаттықтар «TazaLike» партиялық жобасының аясында аумақты тазалау және жаппай ағаш отырғызу бойынша жалпықалалық сенбілікке шықты.
Металлургтер саябағында өткен іс-шараға өңір басшысы Асайын Байханов қатысты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр жылдан жылға жалғасын табуда. Қала тұрғындары мен ұйымдары көшелер мен аулаларды абаттандыруды жақсартуға өз үлестерін қоса алады.
«Біз ерекше энергиясы бар әдемі қалада тұрамыз. Сүйікті қаланың таза көшелерінде жүріп, балалармен бірге күтілген жақсы аулада серуендегенге не жетсін. Қыстан шыққан қалаға біздің қамқорлығымыз қажет. «AMANAT» партиясы қалалық әкімдік ұйымдастырып отырған сенбілікке баршаңызды қатысуға шақырады. Біздің қаланы жасыл, әдемі және таза етіп жасайық», — деді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.
Жалпықалалық сенбіліктердің негізгі мақсаты қоғамның назарын қала көшелерінде тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне аудару болып табылады.